Есептер
«Назарбаев Университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері»
акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 маусымдағы № 647 Қаулысы
«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы Заңының 13-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: ----
1. «Назарбаев Университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» акционерлік қоғамы қайта құру жолымен «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары (бұдан әрі - Дербес ұйымдар) болып қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Дербес ұйымдардың жарғыларын бекіту мен оларды Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011жылғы 9 маусымдағы
№ 347 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер
1. «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
«Астана қаласы» деген бөлімде:
реттік нөмірі 21-101, 21-115-жолдар алынып тасталсын.
2. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулыға қосымшада:
«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі» деген бөлімде реттік нөмірі 222-33-3-жол алынып тасталсын;
«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі» деген бөлім мен реттік нөмірі 304-1-жол алынып тасталсын.
3. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 23, 288-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу ережесінде, жұмыс берушілерге рұқсат берудің шарттары мен тәртібінде:
3-тармақта:
16-4) және 16-5) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«16-4) дербес білім беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Қорында» басшы және жоғары білімді мамандар лауазымдарында жұмыс істейтіндер;
16-5) білім беру бағдарламаларын енгізу мен іске асыру және (немесе) білім беру қызметтерін көрсету туралы келісімдер бойынша дербес білім беру ұйымына іссапарға жіберілгендер;».
4. «Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қыркүйектегі № 993 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 29, 327-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің қарауындағы ұйымдардың тізбесінде: реттік нөмірі 6-жол алынып тасталсын.
5. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 40, 522-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарауындағы ұйымдардың тізбесінде:
«Акционерлік қоғамдар» деген 3-бөлімнің реттік нөмірі 6-жолы алынып тасталсын.
6. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі» деген бөлім мен реттік нөмірі 54-жол алынып тасталсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген бағдарламалық құжаттарда көзделген міндеттерді орындау үшін құрылған мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі» деген бөлімде реттік нөмірі 19-1-жол алынып тасталсын.
7. «Дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі, оларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өнім берушіні таңдауды және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1355 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 50, 567-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі, оларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өнім берушіні таңдауды және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
реттік нөмірі 23-жол алынып тасталсын.
8. «2011 - 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350 қаулысында:
көрсетілген қаулыға 25-қосымшада:
«мемлекеттік тапсырманың орындалуына жауапты заңды тұлғаның атауы» деген бағанда:
реттік нөмірлері 1, 4, 10, 11, 12, 14-жолдардағы «АҚ» деген аббревиатура «ДБҰ» деген аббревиатурамен ауыстырылсын.
9. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі № 301 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламада:
мәтін бойынша:
«Назарбаев Университеті» акционерлік қоғамының» деген сөздер «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Назарбаев Университеті» АҚ» деген сөздер «Назарбаев Университеті» ДБҰ» деген сөздермен ауыстырылсын.
10. «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 376 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесінде:
«Ұлттық компаниялар» деген бөлімде:
реттік нөмірлері 34 және 35-жолдар алынып тасталсын.