Зияткерлік мектеп мұғалімі мен оқушылары құрақ көрпе тігуден Гиннес рекордын жаңартты

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Ақтаудағы NIS-тің Өнер пәні мұғалімі Алмагүл Жұмаева 450 құрақшымен бірге жобаға қатысып, рекорд орнатты. Аламан құрақ қатысушыларының қатарында осы мектептің оқушылары Нұрайлым Рысбай мен Арайлым Қонысбаева да бар. Олар бір мезгілде 450 көрпені тігіп, көлемі 11 200 шаршы метрді құрайтын үлкен өнер туындысын көпшілік назарына ұсынды.

Бір көрпенің өлшемі – 250/90 см-ді құрайды. Ал 16 қатардан тұратын төсеніштің ені – 40 метр, ұзындығы 28 жол, нақтыласақ 252 метр болады.

Тігілген көрпелерде «Гаухартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз өсімдік оюлары қолданылды. Рекордқа қатысқан ең жас қатысушы – 8 жаста, ең үлкені – 85-те. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен өкілдер қатысты.