Баспасөз-қызметі
Жапондық және Тайландтан келген ғалымдар Lesson Study-ді енгізудің оңтайлы шешімдерін ұсынды
Астанада өтіп жатқан WALS 2024 Халықаралық конференциясы аясында шетелдік ғалымдардың симпозиумдары өтті. Зерттеушілер мұғалімдердің кәсіби дамуын арттыруға бағытталған бірегей Lesson Study тәсілінің тиімді тетіктеріне тоқталды. Мұғалімдердің аталған әдісті қолдануда кездестіретін қиындықтары да сөз болды.
Жапониядағы Оита университетінің өкілі Нацуми Маэда мұғалімдер арасындағы пікірталас пен өзара байланыстың болмауы LS маңыздылығын жоғалтатынын айтты. Сондықтан педагогтер бірлесе дамуға ықпал ету керек.
Сонымен бірге симпозиумда кәсіби қауымдастықтарды құрудың маңыздылығы айтылды. Зерттеушілер бұл оқыту мен кәсіби өсуде бір-біріне қолдау көрсететін мұғалімдер қауымдастығын қалай дамытудың жолдарын да қарастырды. Ал тайландық зерттеушілер LS оқу орындарында үздіксіз даму мәдениетін қалыптастыратынына ерекше екпін берді.
– Сабақты зерттеу – өзара байланыс пен рефлексияға негізделетін болса, бұл білім сапасын едәуір жақсартуға септігін тигізеді. LS негізгі аспектісі мұғалімдердің кәсіби дағдыларын дамыту құралы ретінде рефлексияны қайта концептуализациялау болып қала береді. Өзара байланыс пен пікірталасқа қолдау көрсету мұғалімдерге сабақтарын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар өз мамандығына сенімді және ынталы болуға көмектеседі, – деп атап өтті Тайландтағы Лампанг Раджабхат университетінің өкілі Пимпака Интарос.