Баспасөз-қызметі
WRO – 2024: Жас өнертапқыштар табиғат пен адамзатты қорғау жолында
World Robot Olympiad – 2024 робототехника олимпиадасының республикалық кезеңінде 136 команда RoboMission, RoboSports, Future Engineers және Future Innovators санаттарында өнер көрсетуде.
Future Innovators, яғни шығармашылық санат бойынша 50 жоба сынға түсіп жатыр. Жас робототехниктерді су тасқыны, жер сілкінісі, жаһандық жылыну, экология, ауыз су тапшылығы және басқа да ғаламдық мәселелер алаңдатады. Мысалы, елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Таир Тұрсынхан мен Қалиақпар Баймұхан су тасқыны кезінде адамдарға көмек көрсетететін робот әзірледі.
– Бүгінгі күні планетамыздың температурасы бір градусқа көтерілді және бұл процесс жалғасуда. Бұл миллиондаған текше метр судың булануына және жауын-шашынның көбеюіне әкелуде, соның салдарынан су тасқындарының қаупі де артып келеді. Биылғы көктемде осындай тасқындардың куәсі болдық. Сондықтан біз адамдарға қауіпті аймақтан тез шығуға және қауіпсіз жерге жетуге көмектесетін құтқарушы робот жасауды қолға алдық, – дейді Таир.
Жамбыл облысы Байзақ ауданының Н. Киікбаев атындағы ауылдық мектеп-гимназиясының оқушылары Бексұлтан Айдар мен Жансұлтан Ошақбай ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарға арналған «Экоауыл» жобасын ұсынды. Бұл бастама қашықта орналасқан ауылдық аймақтардағы жұмысты жеңілдету үшін автоматтандыруға және күн, жел, су сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға бағытталған.
Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Алинұр Ринатұлы мен Нұрали Нұржан планетаны қоқыстан тазарту мәселесіне ерекше назар аударған. Олар кең аумақты қысқа уақыт ішінде қоқыстан тазалай алатын ықшам әрі жылдам «Scorpius» роботын ойлап тапты.
Республикалық кезеңдегі ең жас командалардың бірі – Қарағанды облысы Саран қаласының №17 мектеп-гимназиясының оқушылары Алексей Медянцев пен Глеб Верницкий қоқысты шығару мен сұрыптауға, орман өрттерін сөндіруге арналған шағын роботтар жасап қана қоймай, сонымен бірге экологиялық мәселелерді шешу үшін білімді арттыруға бағытталған «ЭКО LEGO» атты интеллектуалды ойынды әзірледі.
Ал Орал қаласындағы облыстық балалар шығармашылығы орталығының оқушылары Карина Сухова мен Ясмина Погубина сейсмикалық қауіпті аймақтарда тұратын адамдарға арналған ерекше ноу-хауды ұсынды. Олар сейсмикалық әсерлерге төзімді, автономды өмірді қамтамасыз ететін құтқарушы капсула жасап шығарды. Құрылғының дөңгелек пішіні жер сілкінісі басталған сәттен бастап құтқарушылар келгенге дейін адамдарды қауіпсіздікте ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл World Robot Olympiad – 2024 робототехника олимпиадасының республикалық кезеңі Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатыр.