WALS 2024: Токкацу және Lesson Study синергиясы

Елордада өтіп жатқан Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының XVII жыл сайынғы конференциясында жапондық білім берудің тұтас моделі – Токкацу мен Қазақстан, Малави және Қырғызстандағы Lesson Study әдісін енгізудегі ерекшеліктер таныстырылды.

Жапондық білім беру саласының сарапшылары Рёко Цунэёши, Нобухиро Сэтогучи және Канако Кусанаги Токкацу моделі мен Сабақты зерттеу әдісінің бір-бірін толықтыра отырып, мұғалімнің де, оқушының да білім алуына ықпал етінін алға тартты.

– Токкацу балалардың бойында мұғалімдер үшін сабақты зерттеуге көмектесетін дағдыларды дамытады. Токкацу да, Lesson Study де ұқсас көзқарастарды, яғни тәуелсіз және бірлескен оқуды насихаттайды, бұл кейіннен балалардың жан-жақты дамуына бағытталған оқыту әдістері мен әрекеттеріне айналады, – дейді Жапонияның Гакуин университетінің қызметкері Рёко Цунэёши.

Спикерлер сонымен бірге Токкацу моделінің Мысыр мен Малайзияда қалай енгізілгені жайлы әңгімеледі.

Ал Lesson Study-ді отандық білім беру жүйесіне енгізудегі табысты кейстерді NIS Педагогикалық шеберлік орталығының өкілдері Ерболат Оспанов пен Ұлжан Темірғалиева тарқатса, Малавидегі тәжірибені Наликуле колледжінің қызметкері Кондвани Даниэл Валика бөлісті, ал Қырғызстанның нәтижесін «Ақылман» президенттік мектебінен келген Гүлбарчын Самакова баяндады.