WALS 2024 Халықаралық конференциясы симпозиумдармен бастау алды

Елордада алғаш рет сабақты зерттеуге машықтанған педагогтердің жаһандық жиыны өтіп жатыр. Отандық және шетелдік сарапшылар үш күн бойы WALS 2024 Халықаралық конференциясында Lesson Study әдісін орта мектептерге енгізу бойынша ұсыныстарды қарастырып, зерттеулермен танысады.

Ауқымды шара әлемдік деңгейде мойындалған эксперттердің симпозиумдарынан бастау алды. Сабақты зерттеу мен оқу бағдарламаларын кешенді зерделеуге бағытталған бұл жиындарда АҚШ, Жапония және Қазақстандық зерттеулер талданды, сонымен бірге еліміздегі және Швейцариядағы мектептердің басшылығы мен фасилитаторлардың осы әдісті енгізудегі рөлі сөз болды. Мұнан бөлек, қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістердің қоғамды дамытуға, ақпарат алмасу мен бәсекелестік, адами капиталға көңіл бөлу сияқты бірқатар факторлар қамтылды.

Симпозиумда алғашқы болып сөз алған Жапониядағы Шизуока өнер және мәдениет универсиетінің өкілі Т. Курамото жиынның мақсаты туралы сөз қозғап, Lesson Study және Куррикулум интеграциясын практикалық қолдану мысалында баяндамасын жасады.

Ал Солтүстік-Шығыс университетінің Миллс колледжінің жетекші ғылыми қызметкері Ph.D К.Льюс өз сөзін жапондық оқу жоспарын талқылаумен өрбітті. Ол Жапониядағы Lesson Study және оқу бағдарламаларының теориялық және практикалық аспектілерін қарастырды.

– Lesson Study әдісін енгізу тәжірибесін талдауға арналған Халықаралық конференцияны осыншалықты ауқымды етіп өткізіп жатқан қазақстандық әріптестерге алғыс білдіремін. Бүгін өз тәжірибесін талдай алатын, оларды білім беру процесін ұйымдастыру арқылы тиімді шеше алатын педагогтер жиналып отыр. Сабақтарды зерттеу тәсілін одан әрі іске асыру үшін бүгінгі конференция септігін тигізеді, – деді WALS Президенті Кэтрин Льюис.

Айта кетейік, WALS конференциясы 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Әлемнің көптеген елдері осы әдісті қолданатындықтан зерттеулер мен тәжірибелердің сан алуандығына көз жеткізуге болады.