Баспасөз-қызметі
Сассекс университетінің түлегі Семейдегі NIS директоры болып тағайындалды
Сассекс университетінің түлегі Семейдегі NIS директоры болып тағайындалды
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Семей қаласындағы NIS-тің жаңа директоры Наркен Буркеновті педагогикалық ұжымға таныстырды.
Наркен Советқанұлы 1985 жылдың 19 қыркүйегінде дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бакалавриат және магистратурасын «математика» мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Сассекс университетінде International Teacher Education мамандығын меңгерген.
Семейдегі Зияткерлік мектепте 2011 жылдан бастап математика пәні мұғалімі қызметін атқарды, 2020 жылдан бері математика пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі болды. 2022 жылы директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Республикалық STEM тренер, Зияткерлік мектептердің 10-сыныбына арналған «Математика» оқулығының және «Математика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» курсы бағдарламасының бірлескен авторы.
Буркенов Наркен Советқанұлының 16 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар, оның 3 жылы басшылық қызметте болғандықтан кандидатураны Семейдегі NIS директоры лауазымына тағайындау лайық деп танылды.
Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин құрметті еңбек демалысына шыққан Бағдан Қайыржановқа ұзақ жылдар бойы мектептің дамуына үздіксіз үлес қосқаны үшін ерекше алғысын білдірді.
Семейдегі Зияткерлік мектеп Бағдан Тоқтамысұлының басқаруы тұсындағы соңғы 10 жылда тұрақты дамыды. Шәкірттері сыртқы жиынтық бағалау көрсеткіші бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізсе, мектеп түлектері үздік отандық және шетелік университеттерде білім алуда. Сондай-ақ «Олимпиадалық мектеп», «Зерттеушілік мектебі», түрлі бағыттағы клубтар айтарлықтай нәтиже беруде. Тек соңғы үш жылда 8 оқушы халықаралық және 12 оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.
Cемейдегі NIS 2017 жылы Council of International Schools аккредитациясынан сәтті өтіп, халықаралық мектеп дәрежесіне ие болды.
Бағдан Қайыржанов білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.