Баспасөз-қызметі
Мемлекеттік кеңесші халықаралық білім сайыстарында жеңімпаз атанған оқушылармен кездесті
Олардың қатарында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары да бар. Мемлекеттік кеңесшімен кездесуде IChO – 2024 олимпиадасында алтын және күміс медальге ие болған Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары Кирилл Ким мен Абылай Қабдулхадыр, сондай-ақ IGeO – 2024 олимпиадасында күміс жүлде алған Талдықорғандағы NIS оқушысы Ақжол Болат, қола медальді еншілеген Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS оқушылары Арсен Сыдықов пен Қанат Серікбай болды.
Жиында Ерлан Қарин білімді шәкірттердің әлемдік деңгейдегі білім сайыстарында топ жарып жүргенін атап өтті.
Сонымен бірге Мемлекеттік кеңесші Президенттің жуырда өткен Депутаттар форумында көпшілікті спортшыларға ғана емес, зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына да лайықты құрмет көрсетуге шақырғанын еске салды.
2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына ақшалай сыйлық табысталып келеді. Еліміз білімді жастарға осындай қолдау білдіретін санаулы мемлекеттің бірі деді ол.
Жиын соңында Ерлан Қарин олимпиада жеңімпаздарына сәттілік тілеп, білімді жастардың ел келешегін қалыптастырудағы зор үлесіне тоқталды.