Баспасөз-қызметі
Ақтаудағы NIS-те халықаралық «Caspian Startup-2023» байқауы қорытындыланды
Ақтаудағы Зияткерлік мектепте өткен дәстүрлі халықаралық Caspian Startup байқауының қорытындысы шықты.
Биылғы өнертапқыштар сайысына Қазақстан, Әзірбайжан және Түрікменстаннан 200-ге жуық жоба қабылданды. Олар табысты стартаптар жасау мен ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторларды тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.
– Биыл бесінші рет өткізіліп отырған байқауға өтініш білдірген жобалар санын өткен жылмен салыстырар болсақ, екі есе көп. Бұл оқушылардың ғылымға, ақпараттық технологиялар саласына деген қызығушылығының айқын белгісі. Байқауға қатысқан әр жас стартаперден үлкен үміт күтеміз, – деп атап өтті Ақтаудағы Зияткерлік мектептің директоры Ринат Жұмабаев.
Екі іріктеу кезеңнен сүрінбей, ақтық сайысқа жолдама алған ең үздік авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да салалардан жиналған беделді қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.
Қорытындыға сәйкес, байқауда елордадағы NIS IB оқушылары Дәрмен Аусарбеков, Томирис Ыдырысбаева, Арай Камалиева, Аделия Айтпаева, Әмір Жақсылық және Аян Арманұлының қатерлі ісік тудыратын меңдерді алдын ала анықтайтын «Skincare AI» жобасы үздік деп танылды.
Оралдағы Зияткерлік мектептің оқушылары Ораз Қайыржан, Нұрсұлтан Зинуллин, Нұрдәулет Базарғали, Махамбет Өтепқали ауылшаруашылық саласына арналған көпфункционалды «ДЭО-1» дронын таныстырып, екінші орынды еншіледі.
Талдықорғандағы NIS оқушысы Виктор Кахноның көзі нашар көретін немесе зағип жандарға арналған «SeeTheFuture» шлемі мен Түркістандағы Зияткерлік мектептен келген Алпамыс Сартай, Диас Асылбек, Әли Пайызхан және Жарқынбек Жайлыбектің таулы аймақта жоғалған адамды жылдам табуға көмектесетін «TauFind» мобильді қосымшасы үздік үштікті түйіндеді.
Халықаралық байқау аясында белсенді қатысушылар Қазақстанның озық жоғары оқу орындарының толық және ішінара гранттарын иеленді.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Талдықорғандағы NIS оқушысы Виктор Кахно, Қостанайдағы физика-математикалық лицейдің оқушысы Александра Цюпай және Қарағандыдағы NIS оқушылары Әділ Шаяхметов, Әбілмансұр Әлімбаев, Мансұр Сайран, Алмубди Мутайхан, Сұлтанби Исатайды оқуға шақырды.
Талдықорғандағы NIS оқушысы Виктор Кахно, Қарағандыдағы NIS оқушысы Алмубди Мутайхан және Әзірбайжан астанасы Бакудегі ағайынды Новрузовтар атындағы №36 мектептің оқушысы Амина Асадова Қазақ-Британ техникалық университетінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды.
Yessenov University-дің оқу гранты Оралдағы Зиятерлік мектептен Нұрсұлтан Зинуллинге, Қызылордадағы NIS-тен Раушан Тұрғанбай мен Қарағандыдағы NIS оқушысы Алмубди Мутайханға бұйырды.
Сондай-ақ Маңғыстау облыстық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Марал Қадыр «ExoGlove» пен «DolphEYE» (Ақтаудағы NIS), «Fingerprint recognition» (Қызылордадағы NIS) жобаларына арнайы сыйлығын табыстады.