Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектеп басшылары білім сапасын арттыру бойынша ұсыныстарымен бөлісті
Ақтауда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Тамыз кеңесі өтіп жатыр. Ауқымды шараға республикамыздағы 21 Зияткерлік, 1 Халықаралық мектептен 100-ге жуық педагог қатысуда. Ал 3500 мұғалім пленарлық отырыстар мен секцияларды қашықтан тыңдады.
Педагогтер үшін маңызды жиынның екінші күні мектеп директорларының өз кейстерін өзара талдауымен басталды. Олар оқушылардың сабаққа қатысуы, үлгерімі, ата-аналармен жұмыс және зерттеушілік қабілеттерді арттыру мәселелерін талқылады.
Алғашқылардың бірі болып Өскемендегі Зияткерлік мектеп директоры, тәжірибелі педагог Жұпат Ерниязова сөз алды. Ол оқушылардың жаттанды білімнен аулақ болуға арналған кейстерімен бөлісіп, ата-аналармен жұмыс істеу, олардың мектеп өміріне белсенді араласуына басымдық беру керектігін айтты. Педагогтердің ата-аналармен болатын кризистік жайттарын азайту үшін нақты ұсыныстар білдіріп, тәжірибесімен бөлісті.
Ал Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов дарынды балалармен жұмыс істеу принциптерімен бөлісті.
«Бізден ата-аналар балаларының олимпиадаға дайындауын сұрайды. Әрине, бұл оқушылардың дамуын, таным көкжиегін арттырады. Бірақ академиялық білімге де назар аударған жөн. Олардың жан-жақтылығын дамыту маңыздырақ. Оқушыларымыз келешекте қоғамның кез-келген саласына дайын маман болуы керек. Сондықтан олардың коммуникативті қырларын дамытқан жөн», – деді ол өз баяндамасында.
Сонымен бірге, білікті мектеп директоры NIS жүйесінің өз олимпиадасын құруды ұсынды. Оған тек Зияткерлік мектеп оқушылары ғана емес, өзге де орта мектеп оқушыларының қатысуын қамтамасыз ету керек. Бұл жалпы білім беретін мектептердің NIS жүйесімен көбірек танысып, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.
Мектептегі зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру бойынша баяндама жасаған Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова бірқатар мәселелер көтеріп, жан-жақты дамудың маңызына тоқталды. Әсіресе, ұстаздардың зерттеу жұмыстарымен айналысуын қолдау мен ынталандыру бойынша ұсыныстарын айтты.
Сессияны қорытындылаған Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов 2024-2025 оқу жылындағы оқу процесіндегі өзгерістер жайында мәлімдеме жасады.
«Жаңа оқу жылында бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Оқушылардың сабаққа қатысуы мен үлгерімін қадағалауды цифрландыру бойынша нақты іс-шаралар кешені қабылданды. Енді сабаққа қатысуды педагог қағаз түрінде емес, арнайы базада белгілейді. Егер оқушы сабаққа қатыспаса бұл бірден кураторға хабарлама ретінде түседі. Бұл шәкірттердің қауіпсіздігі мен олардың уақыттарын тиімді пайдалануға үйретеді» – деді ол.
Жаңа оқу жылында оқушылардың академиялық және мектептің ішкі тәртібін сақтау бойынша да бірқатар өзгерістер орын алмақ. Бұған дейін мектеп, ата-ана және оқушы арасында үшжақты келісімдерге қол қойылып келсе, енді оқушының білім ұясындағы ережелерді сақтауы қосымша арнайы құжаттармен реттелетін болады.