NIS оқушылары жасаған қауіпсіздік жүйесін құрылыс компаниясы қолданысқа енгізді

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Камила Қуатова мен мектеп түлегі Данил Мухалев «Қызметкерлердің функционалдық жағдайын жедел бақылау құрылғысы» үшін патент алды.

Пайдалы модель ретінде танылған өнертабыс Face ID арқылы қызметкерлерді тану, алкогольдік масаңдықты анықтау, дене температурасын және жүрек соғу жиілігін өлшеу функцияларын қамтиды.

Жобаның басты артықшылығы – оның практикалық қолданылуы. Құрылғы мұнай-газ өнеркәсібі мен құрылыс сияқты маңызды салаларда қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін бақылауды жақсартып, еңбек өнімділігі мен жұмыс жағдайларын жақсартуға ықпал етеді. Қазір өнертабыс құрылыс компанияларының бірінде қолданысқа енгізілген.

– Біздің құрылғымыз Ақтаудағы екі компанияда енгізілді. Қазір Маңғыстау облысындағы тағы бір кәсіпорынмен келіссөздер жүргізілуде, – дейді Камила.