Баспасөз-қызметі
Әнуар Жанғозин Korea Glocal Education Fair халықаралық конференциясында сөз сөйледі
Корея Республикасының Йосу қаласында «Korea Glocal Education Fair – 2024» конференциясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин сөз сөйледі.
Конференция Ұлыбритания, Япония, Канада, Қытай, Аустралия, Түркия және өзге де елдердің профессорларының, жетекші сарапшылары мен мамандарының басын қосып, білім беру саласының болашақтағы бағыт-бағдарын талқылауға арналды.
Әнуар Қанатұлы қатысушыларды NIS экожүйесімен, NIS-Programme білім беру бағдарламасы және бағалау жүйесімен, тәжірибелері және жетістіктерімен, даму стратегиясымен таныстырды.
– Соңғы 16 жылда Назарбаев Зияткерлік мектептері отандық білім беру жүйесін дамытып, елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру мен жаңа заман көшбасшыларын дайындауда аянбай еңбек етіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс, әрине,әлі де жалғасады. Ал бүгінгі конференция жалпы еліміз бен NIS экожүйесінің әлемдік білім беру кеңістігінде танылуын арттырудағы маңызды қадамдардың біріне айналды, – деп атап өтті Әнуар Жанғозин.
Сондай-ақ халықаралық шара аясында ұйымдастырылған көрмеде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Beyim» бірегей цифрлық экожүйесі ұсынылды.
Айта кетейік, «Korea Glocal Education Fair – 2024» Корея Республикасының Білім министрлігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылды.