Баспасөз-қызметі
Назарбаев Зияткерлік мектептерін тағы 2 университет мойындады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate сертификатын британдық Heriot-Watt университетінің Қазақстандағы филиалы мен елордадағы Esil University мойындады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Енді NIS түлектері 2024-2025 оқу жылынан бастап Жұбанов университеті базасындағы Heriot-Watt University бакалавриатының екінші курсына түсе алады.
Бұл үшін NIS сертификатының бағалары «С»-дан жоғары, ағылшын тілі деңгейі IELTS 5,5 және одан жоғары болуы тиіс. Бұл талаптарға сай түлектер Heriot-Watt University филиалының «Электроэнергетика», «Компьютерлік инженерия», «Мұнай инженериясы және энергоменеджмент» мамандықтары бойынша қысқартылған бакалавриат бағдарламасына түсу үшін конкурсқа қатыса алады.
Еске салсақ, Жұбанов университеті 2018 жылдан бастап Зияткерлік мектептер түлектерін бакалавриаттың қысқартылған бағдарламаларына қабылдайды.
Сондай-ақ сәуір айында NIS пен Esil University арасында да меморандум орнады. Университет алдағы оқу жылынан бастап Зияткерлік мектеп түлектерін бакалавриат бағдарламаларының 2-курсына қабылдайтын болады.
Айта кетейік, ДББҰ Білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитация департаментінің Зияткерлік мектептердің оқу бағдарламасы мен сертификатының мойындалуы бойынша жасаған жұмысы нәтижесінде NIS Grade 12 Certificate сертификатын мойындайтын отандық университеттерінің саны 21-ге жетті және алғаш рет халықаралық университеттің Қазақстандағы филиалы тарапынан танылды.