Баспасөз-қызметі
NIS басқарудың жаңа деңгейіне шығуда
2024 жылдың мамыр айынан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында жобалық және портфельдік басқару белсенді түрде енгізілуде. Бұл – басқару процестерінің тиімділігін арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған стратегиялық қадам. Қазіргі уақытта жоба бойынша жалпы прогресс 70%-ды құрайды.
Жақын арада NIS бес жобаны жүзеге асырумен айналысады:
- Жобалық және портфельдік басқаруды енгізу;
- «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ стратегиясының талаптарына сай HR тәжірибелер мен басқарушылық құралдарды құру;
- Құрылыс бойынша кешенді жұмыстар (Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қосымша объектінің құрылысы);
- NIS-Programme бойынша 9-сыныпқа арналған оқулықтар мен ОӘК қайта қарау;
- Отпан: Маңғыстау облысындағы тірек мектептер желісі.
Бүгінгі таңда жобалық басқару аясында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді, яғни жобалық басқару процестерін реттейтін ішкі құжаттар әзірленіп, бекітілді, сондай-ақ цифрлық құралдар енгізілді. Олардың қатарында MS Project – жобаларды, ресурстарды және тапсырмаларды басқару платформасы, MS Viva Goals – OKR (Objectives and Key Results) әдіснамасына негізделген стратегиялық мақсаттарды қою және мониторинг жүйесі, «NIS Joba» білім базасы – жобаларға қатысатын қызметкерлерге арналған ақпараттық ресурс бар.
Жобалық басқару бойынша пилоттық жобалардың қатысушыларын кезең-кезеңімен оқыту мен ақпараттық сессиялар өткізу жұмыстары жүруде.
Айта кету керек, 2024 жылдың 18 қазан айында PMI Kazakhstan халықаралық конференциясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымындағы жобалық басқару процестерін енгізу тәжірибесі таныстырылды.