Баспасөз-қызметі
NIS түлегі 9 шетелдік жоғары оқу орнынан шақыру алды
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Адина Хайрушева АҚШ-тағы Шырмауық лигасына кіретін Колумбия Университетінен, одан бөлек Duke, Drexel, Syracuse, Lafayette университеттері мен Colby және Dickinson колледждерінен шақыру алды. Сондай-ақ Италиядағы University of Padua мен Малайзиядағы Xiamen University Адинаға толық грант ұсынды.
Мектепте биология пәнінен олимпиадаға қатысып, жаратылыстану ғылымдарын тереңірек меңгерген Адина SAT емтиханын сәтті тапсырған, ал 2023 жылы IELTS емтиханынан 8.0 балл алған. NIS түлегі әлемнің айтулы жоғары оқу орындарына дайындықты 7-сыныпта бастағанын айтады.
– АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсу үшін сыныптан тыс жұмыстар аса маңызды. Фортепиано сыныбы бойынша музыка мектебін бітірдім, халықаралық байқауларға қатыстым. Көшбасшылық қабілеттердің болуы да шарт. Мектепте әлеуметтік істер департаментінің министрі болғаным шараларды жоспарлау кезінде дамуға мүмкіндік берді, – дейді түлек.
Адинаның сөзінше, шетелге оқуға түсуде GPA және Халықаралық емтихандардың нәтижелері де маңызды рөл ойнайды. Оның өтінімді тапсырған кездегі GPA көрсеткіші мүмкін болған 5.0-ден 4.9 болған.