Баспасөз-қызметі
NIS сарапшылары мұғалімдерді аттестаттаудың кәсіби дамуға әсерін зерттейді
NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының «Аттестаттау шеңберінде мұғалімдердің кәсіби дамуын зерттеу» жобасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің байқауында жеңіске жетті. Жаңа жетістік аттестаттаудың мұғалімдердің кәсіби дамуына әсерін анықтау мен бағалау мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында зерттеу жүргізуге жол ашты.
– Жоба Қазақстанның білім беру саясаты үшін аса маңызды. Аттестаттау әлемде дамытушылық әлеуетімен танылса да, елімізде бағалаушылық сипатқа ие. Бүгінде педагог өз портфолиосын байқау сертификаттары, мақтау қағаздары, біліктілікті арттыру куәліктері және басқа да құжаттармен толықтырса, аттестаттаудан сәтті өте алады. Алайда бұл мұғалім тәжірибесінің сапасы мен нәтижелілігін көрсетпейді, – деп атап өтті жоба жетекшісі Ақмарал Жұмықбаева.
Жобаның басты міндеті – аттестаттаудың мұғалімге өз тәжірибесін зерттеуге мүмкіндік беретін процесс ретіндегі әлеуетін ашу, бұл кәсіби даму аймақтарын және оқыту мен оқуды жақсарту тәсілдерін анықтау арқылы іске асады. Мұндай ұстаным мектептердегі білім беру сапасының артуына да ықпал етеді.
Зерттеу барысында мектептерді кеңінен қамту жоспарда тұр. Жоба авторлары қызығушылық білдіруші педагогтер, білім беру ұйымдарының басшыларымен өзара бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.
Зерттеудің аралық және қорытынды нәтижелері ғылыми басылымдарда, NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының ресми ақпарат ресурстарында жарияланып, білім беруді басқару органдарына жолданады.