Баспасөз-қызметі
Зияткерлік мектептер «NIS/SHARE» жобасын жүзеге асыруда
«NIS / SHARE» іс-әрекеттегі зерттеу әдісі (Action Research) мұғалімдердің дағдыларын дамытуға бағытталған. Жоба Астана қаласы әкімдігі мен Кембридж университетінің білім беру факультетінің қолдауымен елордадағы мектептерде 2019 жылдан 2022 жылға дейін іске асырылып келген «SHARE» жобасының сәтті жалғасы болып табылады.
Енді игі іс жалпы білім беретін мектептерді ғана емес, Зияткерлік мектептерді де қамтиды.
Жоба үш жыл бойы (2024 жылдан 2027 жылға дейін) жүзеге асырылады деп жоспарланған. Алғашқыда (2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейін) жоба 20 мектепте іске қосылады. Оның ішінде Астана қаласындағы 10 жалпы білім беретін мектеп (37, 50, 59, 60, 67, 72, 74, 75, 90, 91) пен білім беру қызметін жүзеге асыратын ДББҰ-ның 10 филиалы (Астана қ. (3), Атырау, Көкшетау, Қостанай, Семей, Өскемен, Талдықорған, Түркістан) бар.
Жоба мектептердегі өзекті мәселелерді шешу үшін педагогтерді іс-әрекетте зерттеу жүргізуге үйретуге бағытталған. Бұл жоспарлау, әрекет ету, бақылау және рефлексия арқылы оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіруге көмектеседі. Бағдарлама Колин Маклафлин мен Кэтрин Эванс сияқты халықаралық сарапшылардың тренингтері мен онлайн қолдауын қамтиды.
Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстанда іс-әрекеттегі зерттеу бойынша алғашқы мұғалімдер қауымдастығын құру. Бұл педагогтер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтып қана қоймай, алған білімдерін ел мектептеріне таратуды көздейді.
Мектептерді жоспарлау мен стратегиялық дамытудың негізгі тетіктері де қарастырылады. Білім ұялары «NIS/SHARE»-ді өздерінің күнделікті тәжірибесіне қолдануға дағдыланады. Сондай-ақ осы жобаның табысты іске асырылуы үшін қажетті іс-шаралар жасайды. Мектеп басшылығы өзінің және басқа да қатысушы мектептерде бірлескен зерттеу мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Жоба қорытындысы бойынша қатысушылар зерттеуді іс-әрекетте жүргізуді үйренеді, ДББҰ, ECER, WALS халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы сияқты жергілікті және халықаралық іс-шараларда баяндама жасап, журналдарда жұмыстарын жариялайды, мектепте білім беру мен оқыту тәжірибесін жақсартады деген сенім бар.
«NIS/SHARE» – Қазақстан мектептерінде жаңа мүмкіндіктерді енгізу және инновациялық тәжірибені дамытуға қолайлы орта құруға жәрдемдеседі.