«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының мемлекеттік аудит қорытындысына қатысты түсініктемесі

2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Бірінші кезекте, Жоғары аудиторлық палата мүшелері қол жеткізген оң нәтижелерді атап өтті: тәжірибелі мамандар мен кәсіби педагогтерді қамтитын бірегей білім беру экожүйесі құрылды, бірегей оқу бағдарламалары мен бағалау жүйесі жасалды, оқу ресурстарының базасы қалыптасты, тиімді оқыту әдістері енгізілді, ғылыми зерттеулер жолға қойылды.

Сондай-ақ тексеріс нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу, ұрлау немесе мүлік жетіспеушілігі фактілері анықталған жоқ. Мемлекеттік аудит ДББҰ қызметінде анықтаған кемшіліктердің басым бөлігі рәсімдік сипатта және қаржы-шаруашылық пен ұйымдастырушылық жұмыстарына қатысты болып, мектептердегі оқу процесіне әсер етпейтіні атап өтілді.

Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерді пысықтауды және жоюды тапсырды.

Осыған байланысты НЗМ ДББҰ мемлекеттік аудиттің ұсыныстарын ескере отырып, жұмысты жақсартуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру жоспарын әзірлеуде және алдағы уақытта рәсімдік қателіктерді барынша азайту шараларын қабылдауда.

Төменде Жоғары аудиторлық палата ақпаратында көрсетілген бірқатар тармақтар бойынша ДББҰ-ның түсініктемелері берілген.

Бірінші. Қаржылық бұзушылық ретінде көрсетілген 274,4 миллион теңге көлеміндегі қалпына келтірілуге тиісті сома бухгалтерлік есептегі қателіктерге қатысты және аудит барысында түзетілді.

Екінші. НЗМ әзірлеген оқулықтарды жалпы білім беретін мектептерге енгізуге қатысты оқулықтарды шығару бойынша жұмыс 2016 жылы басталғанын атап өткен жөн. Оқулықтарды әзірлеуге авторлар ретінде Қазақстан Республикасының жоғары білікті және үлкен педагогикалық тәжірибесі бар үздік тәжірибелі мұғалімдері тартылады, олардың интеллектуалды еңбектерінің нәтижелері шығарылған оқулықтарда баяндалып, бірнеше жыл бойы еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері, оқушылары және олардың ата-аналары тарапынан оң пікірлер алуда. Сонымен қатар оқулықтарды сараптау және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар тізімін қалыптастыру бейінді министрліктің құзыретіне жатады. Маңыздысы, НЗМ ДББҰ оқулықтарды әзірлеуде республикалық бюджет қаражатын пайдаланбай, өз қаражаты есебінен жүзеге асырды.

Үшінші. Мемлекеттік аудиторлар 16,4 млрд теңгені, оның ішінде тиімсіз жоспарлаудың салдарынан пайда болған 8,3 млрд теңгені игерілмеген қаражат деп таныды. Бұл сома пандемия кезінде еліміздің педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстарының, олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың және басқа да іс-шаралардың, сондай-ақ оқу жетістіктерін бағалау рәсімдерінің онлайн форматқа ауысуына байланысты үнемделді. Сондай-ақ барлық бағыт бойынша бастапқы жоспарланған нәтижелер толық іске асырылғанын атап өткен жөн. Мысалы, НЗМ ДББҰ пандемия кезінде жалпы білім беретін мектептердің 78 мыңнан аса педагогіне біліктілікті арттыру курстарын өткізді.

Төртінші. Аудиторлық қорытындыда 10,5 млдр теңге көлеміндегі сатып алуларға қатысты бұзушылықтар рәсімдік сипатта болып, сатып алулар нәтижесіне әсер етпеді. Мысалы, аталған соманың басым бөлігі конкурстағы жағдаймен байланысты, онда әлеуетті жеткізуші нотариустың тіркеу нөмірінсіз нотариалды куәландырылған құжаттарды ұсынған. Алайда, нотариустың тіркеу нөмірі бірыңғай электронды базада тіркелген және құжаттың шынайылығы расталды.

Бесінші. Аудиттың тауарлардың жоғары құны бойынша сатыр алу туралы қорытындылары жеткізу, монтаждау, іске қосу-баптау жұмыстары, бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату сияқты шығындарды, сондай-ақ жеткізушілердің басқа да шығындарын ескермейді. Конкурстық рәсімдер НЗМ ДББҰ тарапынан орталықтандырылған түрде өткізіледі, нәтижесінде тауарлар 17 аймақ және 3 қаладағы 21 мектепке жөнелтіледі. Тауарлардың құны өндірушілер мен олардың дистрибьюторларының коммерциялық ұсыныстарына негізделіп жоспарланады. Соңғы баға сатып алу ережелеріне сәйкес кемінде екі жеткізуші қатысатын ақпараттық порталда өткізілетін ашық тендерлердің нәтижелері бойынша анықталады.

Алтыншы. Банк шоттарындағы қалдықтар ақылы қызметтерден, демеушілік және қайырымдылық көмектерден, сондай-ақ шығындарды үнемдеуден жиналады. Бұл теңгерімдерді Қамқоршылық кеңес Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бюджетін бекіту кезінде ескереді.

Жетінші. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. ДББҰ-ның қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен реттеледі, оған Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісу кезеңдері, Республикалық бюджет комиссиясының қарауы, Республикалық бюджет жобасына енгізу және Парламент алдында қорғау кіреді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның бюджетін жыл сайын Қамқоршылық кеңес бекітеді, оның құрамында ҚР Үкіметінің мүшелері, отандық және халықаралық сарапшылар, ғалымдар бар.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі НЗМ ДББҰ-ның рөліне қатысты ескертулерге тоқталсақ.

НЗМ ДББҰ білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуда жетекші платформасы болып табылады. «NIS-Programme» білім беру бағдарламасын Қазақстанның 23 жоғары оқу орны, 67 халықаралық университет және 9 халықаралық ұйым мойындады, сондай-ақ әлемге танымал A-, AS-Level, O-Level және IB-Programme бағдарламаларымен тең дәрежеде тұр. Дәл осы бағдарлама 2016 жылдан бастап еліміздің барлық мектебіне жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуге негіз болды, оның тиімділігі PISA-2022 нәтижелерімен расталып отыр.

Осы уақытқа дейін НЗМ ДББҰ елімізде 280 төл бағдарлама бойынша 330 мыңнан астам педагогке біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды. Мұғалімдерді әдістемелік қамтамасыз ету үшін бірегей «Жүйелік-әдістемелік кешен» онлайн платформасы жасақталды. Онда 440 мыңнан астам пайдаланушы тіркелсе, 110 миллионнан аса түрлі оқу-әдістемелік материалдар жүктелген. 2020 жылы «Online Mektep» жобасы іске қосылды, онда 26 мыңнан астам сабақ пен 550 мың тапсырма енгізілді. Бұл жоба пандемия кезінде елдегі миллиондаған білім алушыны оқытқан жалғыз ресурс болды.

Соңғы 3 жылда НЗМ ДББҰ Ақмола облысында «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту», «Отпан: Маңғыстау облысындағы тірек мектептер желісі», Аманат партиясымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Баққуатты аймақ» секілді әлеуметтік жобалар арқылы ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

НЗМ ДББҰ жинақталған тәжірибесін орта білім беру жүйесіне тарату бойынша қызметін одан әрі кеңейтуді көздейді.