Баспасөз-қызметі
Кореяда Зияткерлік мектептердің баламасы жоқ цифрлық жобалары таныстырылды
Оңтүстік Кореяның Йосу қаласында өтіп жатқан «Korea Glocal Education Fair – 2024» көрмесінде Зияткерлік мектептердің BeyimTech жүйесі көпшілік назарына ұсынылып, қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Жәрмеңке сарапшылар мен білім беру көшбасшыларын, университеттер, колледждер, мектептер мен тіл орталықтарынан бөлек, әртүрлі білім беру мекемелерінің өкілдері мен студенттерді, ата-аналарды да қамтыды.
Айтулы шарада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ BeyimTech еншілес ұйымының директоры Нұрсұлтан Дүйсебаев Beyim жүйесіндегі Beyim.ai және Beyim Synaq цифрлық жобаларына жеке-жеке тоқталып, көрме қатысушыларына сандық технология көмегінің игіліктері жайында баяндады.
Beyim.ai – бұл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ стратегиялық серіктесі – Arizona State University-мен бірлесе әзірленген бірегей әдістеме бойынша құрылған желі. Оның ерекшелігі – Instagram әлеуметтік желісі сияқты ақпаратты ленталық түрде ұсынуында. Микрооқыту әдісі қолданылған бұл жобада авторлық құралдар, оқытудың жеке траекториясы, оқу аналитикасы және тағы да басқа мүмкіндіктер қарастырылған.
Beyim Synaq – оқушыларға ыңғайлы уақытта және кез-келген жерде тестілеуден өтуге арналған баламасы жоқ жоба. Қолданбада ақысыз және ақылы тест нұсқалары бар.
– Биылдан бастап NIS-ке тестілеу сынағын онлайн тапсыруға болады. Бұл мүмкіндікті 5530 үміткер пайдаланып үлгерді. Жаңа өнім бірқатар артықшылықтарымен ерекшеленеді. Жолға уақыт пен ақша жұмсаудың қажеті жоқ, басқа қалада, ауылда тұрып-ақ тестілеуден өтуге болады. Нәтижелерді күтудің де қажеті жоқ, олар тестілеу аяқталған бойдан бірден шығады. Бұл, ең алдымен, ауылдық және шалғай аудандардың оқушылары үшін ыңғайлы. Қазақстан ауданы бойынша Оңтүстік Кореядан 27 есе үлкен. Сондықтан мұндай жоба бізге қажет болды. Жаңа технологиялар қашықтықты қысқартуда, — деді BeyimTech директоры Нұрсұлтан Дүйсебаев.
Өз кезегінде, Білім басқармасының мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің директоры Чхунчхунбукдо Чхэ Сук Хи көрмеге қатысқан Қазақстан өкілдері мен BeyimTech жобасының жұмысына сәттілік тіледі.