Баспасөз-қызметі
Катар сахнасында «Адай» күйі күмбірледі
Катар сахнасында «Адай» күйі күмбірледі
Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS делегациясы Доха қаласында өткен халықаралық MUN конференциясынан оралды
Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS делегациясы әлемдегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты өз көзқарасын білдірді. Оқушылар және мұғалімдер Дулат Мырзахмет пен Әйгерім Мұратқызы Катардағы БҰҰ моделінің ірі халықаралық конференциясына қатысты.
– «БҰҰ моделі» – Біріккен Ұлттар Ұйымына қызығушылықты арттыру үшін құрылған танымал рөлдік ойын. Қазіргі құқық, мемлекет, бизнес және өнер саласындағы көшбасшылардың көбісі, сонымен қатар БҰҰ-ның өзінде танылған мамандар оқу жылдарында осы MUN бағдарламасына қатысқан. Оқушыларымыз тамаша өнер көрсетті, – дейді Әйгерім Мұратқызы.
Мәдениет кешінде сахна төрінде 11-сынып оқушысы, мектеп президенті Жания Қасен домбырада «Адай» күйін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді:
– Бұл кеште әр елден келген делегаттар өз дәстүрлерін, ұлттық өнерлерін көрсетті. Жалпы конференция барысында біз бір үлкен отбасы болып кеттік. Үзілістерде танысып, ән айтып, көңілді уақыт өткізсек, сессияларда әр комитетте қызу талқылау, бәсекелестік болды. Делегаттар конференцияға қатысу үшін үлкен жұмыс атқарды, нақты мәселе бойынша зерттеулер дайындады. Мәселен, мен әлеуметтік, гуманитарлық және мәдени мәселелер комитетіне түстім. Сессия барысында біз үшінші әлемдегі балалардың проблемаларын және осы елдердің байырғы тұрғындарын қазіргі қоғамға интеграциялауды талқыладық. Сондай-ақ мәдениет кеші ерекше есте қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегаттар ұлттық дәстүрлерді, халық әндері мен билерін ұсынды. Біз конференция қатысушыларына Қазақстанды лайықты деңгейде көрсетуге тырыстық.