Дәлелдеуден зерттеуге дейін: Lesson Study арқылы бүкіл әлем бойынша мықты оқушыларды тәрбиелеу

Нидерландыдағы Виндесхайм университетінің зерттеушісі Ширлей Тан WALS 2024 беделді халықаралық конференциясының үшінші күнінде Жапониядағы жұмыс тәжірибесіне негізделген зерттеулерімен бөлісті.

Ширлей Тан Lesson Study бағдарламасының негізгі элементтерінің бірі – bansho (жапон тақтасымен жұмыс) әдісін зерттеуге қалай келгенімен бөлісті.

– Менің Lesson Study бағдарламасымен жұмысым Жапонияда басталды, онда мен оқушылардың оқуын жақсартуға арналған бірлескен тәсілден шабыт алдым. Атап айтқанда, мені оқушылардың ойлауын визуализациялау үшін bansho-ны қолдану мен мұғалімдердің осындай нәтижеге жетуі үшін қолданатын тәсілдері қызықтырды, – деді ол.

Спикер өз сөзінде осы әдістің кейбір жалпы стратегияларын ашып берді, bansho тәжірибесін халықаралық мектептердің шарттарына бейімдеуге байланысты проблемалар мен мүмкіндіктер туралы айтты.

Ширлей Тан халықаралық деңгейде зерттеушілер мен мұғалімдерді оқыту арқылы Lesson Study-дің дамуына үлес қосып жатқанын атап өтті. Әртүрлі елдердегі өзінің жеке және кәсіби тәжірибесін ескере отырып, ол әлемдік деңгейде білім беру тәжірибесін түсіну және талдаудың жеке жүйесін әзірлеген. Осы тәжірибелердің бірі – bansho.