Баспасөз-қызметі
Мәжіліс депутаттары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жұмысымен танысты
Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен ұйымға қарасты орталықтардың жұмысымен танысуға арнайы келген Мәжіліс депутаттары бірқатар түйткілдерге жауап алып, мектеп жұмысын көрді. Мәжілісмендер білім ұясындағы оқушылардың контингенті мен ұйымның қоғамға сіңіріп отырған еңбегін, соңғы жетістіктері мен стратегиялық мақсаттардың орындалу барысын да жан-жақты талқылады.
Халық қалаулылары алдымен ұйымның Халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен оқу-ағарту саласын дамытуға қосқан үлесін айғақтайтын құжаттар мен әдістемелік нұсқаулықтар қойылған көрме жұмысын тамашалады. NIS құрамындағы 4 орталық пен Beyim Tech еншілес ұйымының сарапшылары депутаттарға жыл ішінде іске асқан жобаларды көрсетті.
Мәжілісмендер алдында сөз сөйлеген Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин өз баяндамасын Зияткерлік мектептерде оқитын оқушылардың әлеуметтік статусы мен олардың контингентінен бастады. Төраға дәл қазір «Өркен» білім беру грантына ие 17 262 оқушының 40%-ы түрлі санаттарға, ал 10%-ы ауылдық мектептердің оқушылары екенін айтты.
«Зияткерлік мектептер оқушыларының 22%-ы көпбалалы отбасылардан шыққандар, ал 11,6%-ы толық емес, 587 баланың ата-анасы мүгедек немесе зейнеткерлер. 148 шәкіртіміз халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады», – деді.
Төраға алдағы уақытта білім ұясына түсетін ауылдық мектеп оқушыларының қатарын көбейту жоспарланып отырғанын да сөз етті. Мұнан соң Зияткерлік мектептердің PISA-2022 Халықаралық зерттеу нәтижелеріне сәйкес, математикадан үздік үштікке, ал жаратылыстану бойынша үздік бестікке енгенін атап өтті. Сонымен бірге шәкірттердің жаратылыстану-математика бағыттары бойынша 6 дүркін ең үздік олимпиадалық команда, 4000-нан аса халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жүлдегерлері атанғанын жеткізді.
Басқосу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова бітіруші түлектердің шетелге кету мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, ұйымның бұл бағыттағы жұмысын тыңдады.
«Басым көпшілік балалардың шетелдік грантқа ие болып, сол шетел асып кетуі бізді алаңдатып отыр. Өйткені еңбек нарығының сапасы осы балаларымызға тікелей байланысты», – деді Мәжіліс депутаты.
Өз кезегінде Басқарма төрағасы түлектердің шетелге кету бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ешқандай мәселенің жоқтығын айтты. Өйткені білім ұялары ашылғалы бері 18 мыңнан аса түлек мектеп бітірсе, олардың 80%-ы отандық университеттерді таңдаған, тек 20%-ы ғана шетелдерде білім алуда.
«Осы уақытқа дейін шетелдік университеттерде 3 661 түлегіміз білім алған. Бұл барлық түлектердің 19,6%-ын құрайды. Қазір елімізде 5340 түлегіміз жұмыс істесе, небәрі 737 оқушымыз шетелдерде. Олардың барлығымен байланыс бар. Көбісі шетелдік компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап елге оралып жатыр», – деді.
Сонымен бірге төраға 2020 жылы Қарағандыдағы Зияткерлік мектепті бітірген Темірлан Нұрлигенов Лондонда Facebook (Meta) офисінде тағылымдамадан өтіп, 3 ай бойы ол IT саласының қыр-сырын меңгергенін мысалға келтірді. Ал Америкадағы Embry-Riddle Aeronautical University-де оқып, кейін докторантурада аэроғарыш саласын терең зерттеп, 11 жыл сонда тұрып келген Бекет Төлеген есімді түлектің қазір Қазақстан Ғарыш Сапарында жұмыс істеп жатқанына ерекше екпін берді.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Зияткерлік мектеп оқушыларының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін сұрады. Бұл сұраққа Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов оқыту тіліне қарамастан «Қазақстан тарихы», «География», 9 сыныптарда «Құқық негіздері» сынды пәндер тек қазақ тілінде жүргізіліп, арнайы емтихан алынатынын айтты. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру жүйесі жайында егжей-тегжейлі айтып берді.
Депутаттар қала мен ауыл мектептерінің деңгейін теңестіру бойынша да нақты сұрақтарына жауап алды.
Жиын қорытындысында халық қалаулылары Астана қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептің жұмысымен танысты.