Баспасөз-қызметі
Білім беру жүйесінде тарихи оқиға: Қазақстанда WALS 2024 халықаралық конференциясы өтуде
Бүгін – отандық оқу-ағарту саласында тарихи күн. Астанада алғаш рет посткеңестік кеңістікте бұрын соңды болмаған WALS 2024 халықаралық конференциясының ашылу салтанаты өтті. Бұған дейін ауқымды іс-шара АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур және Нидерланды сынды мемлекеттерде ұйымдастырылған. Биыл педагогтер үшін маңызды жиынды өткізу мәртебесі Назарбаев Зияткерлік мектептеріне берілген.
Бұл NIS Педагогикалық шеберлік орталығының 10 жылдан бері еліміздің орта мектептеріне Lesson Studу тәсілін енгізгені үшін беріліп отырған мүмкіндік. Жаһандық жиынға әлемнің 27 елінен 700-ге тарта педагог қатысуда.
Салтанатты ашылуда сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова білім саласындағы заманауи шешімдер мен тың идеялар талданатын конференцияны елімізде ұйымдастыруға мүмкіндік берген World Association of Lesson Studies компаниясына алғысын білдірді.
– Қазіргі таңда Қазақстанда білім сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қауіпсіз және тиімді оқу ортасын қалыптастыру бағытында кемінде 200-ге жуық мектеп салынғалы отыр.
Еліміздің мектептерінде Lesson Studу тәсілі кеңінен таралып келеді. Бұл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында іске асырылып жатыр, – деді ол.
Сонымен бірге конференция жұмысына сәттілік тілеп, Зияткерлік мектептерге Премьер-Министрдің арнайы алғыс хатын табыстады.
Өз кезегінде ресми ашылуда WALS Президенті Кэтрин Льюис конференция мен сабақты зерттеудің маңызына тоқталды:
– Мен NIS Педагогикалық шеберлік орталығына және Оқу-ағарту министрлігіне конференцияны ұйымдастырудағы жұмысы үшін, әлемнің көптеген елінен педагогтердің қатысуын қамтамасыз еткені үшін алғысымды білдіремін. Бұл – білім беру саласындағы инновациялық идеяларды мемлекеттік деңгейде қолдаудың жарқын үлгісі дер едім. Lesson Study – бұл өте қарапайым идея. Оқушыларыңыздың қалай білім алып жатқанын бақылап, әр сабаққа мұқият дайындалуын зерттеуден артық не бар? Бұл өте қарапайым болып көрінгенмен, жүйелі зерттеуді талап ететін тәсіл.
Айта кету керек, 2015 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептері Дүниежүзілік Сабақты зерттеу қауымдастығының (WALS) сарапшылық кеңесіне мүше болып, ресми түрде мойындалған. Осылайша Қазақстан халықаралық ғалымдар мен сарапшылармен бірге әлемдік зерттеулерге қатысып, «Lesson Study» әдісі бойынша жеткен жетістіктерді таныстыруға мүмкіндік алған. Беделді конференцияда алдағы үш күн бойы 12 симпозиум, 13 шеберлік сабағы, 266 баяндама жасалады және постер презентация өтеді.