Баспасөз-қызметі
«Қазақтың кескін өнері. Жаңа ғасыр суртешісі»: Ағымсалы Дүзелханов шығармашылығы және өзі жайында
Суретшінің тынымсыз ізденісі мен бейнелеу өнерінің жан-жақтылығы Педагогикалық шеберлік орталығының танымал «Шабыт» жобасы аясындағы жаңа кездесудің негізгі тақырыбын айқындап берді.
Тарихи тақырыпты таңдау, жанрлық ерекшеліктер, жаңа Қазақстан суретшілерінің даралығы мен бейнелеу өнеріндегі әйел бейнесі – Ағымсалы Дүзелханов Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздары мен қызметкерлеріне өнер және жеке шығармашылығы туралы сыр шертті.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ағымсалы Дүзелханов фольклорлық-тарихи тақырыптарға арналған 300-ден астам кітап пен 50 плакатты, сондай-ақ жаңа буындағы көптеген мектеп оқулықтарын – «Әліппе», «Бейнелеу өнері», «Музыка», «Ежелгі Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі» және т. б. безендірді.
– Сурет өнеріне келуіме ықпал еткен, ең алғаш өнерімді бағалаған адамдар – атам мен әжем болды. Отбасымызда жеті бала болған. Былай қарасаңыз кітаптағы образдардың барлығы інілерім.
– Ағамыздың қолынан қағаз мен қарандаш түспейтін. Бізді отырғызып қойып салатын. Бала кездегі біздің әрекетіміз, іс-қимылымыз кітаптағы кейіпкерлердің бейнесінің эскизі болғанын кейіннен ғана түсіндік, – дейді қарындасы Жайнагүл Дүзелханқызы.
Ағымсалы Дүзелханов қазақ қыздарына арналған туындылардың басым бөлігінің прототипі оның жұбайы болғанын мойындайды.
Бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін суретші Ағымсалы Дүзелханов қазіргі қазақ кескіндемесінің галереясын жалғастыруда.