Баспасөз-қызметі
Қазақстанда WALS 2024 халықаралық конференциясы өз жұмысын аяқтады
Бүгін елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген WALS 2024 халықаралық конференциясы аяқталды.
Қазақстан ТМД аумағында алғашқы болып әлемдік білім беру саласындағы ең беделді форумдардың бірін өткізіп, отандық педагогтердің жаһандық шараға қатысуына мүмкіндік берді.
«Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбында өткен конференцияға Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Финляндия, Швеция, Малайзия, Австрия, Қытай, Америка Құрама Штаттары, Малави және тағы басқа 30 елден танымал сарапшылар, ғалымдар, практик-педагогтер, докторанттар және 500-ден аса отандық мұғалім қатысты. Шара аясында 12 симпозиум мен 13 шеберлік сабағы ұйымдастырылып, 286 презентация және 77 стендтік баяндама ұсынылды.
Салтанатты жабылу рәсімінде NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин халықаралық конференцияның отандық білім беру саласындағы маңызды жетістіктердің бірі болғанын және педагогтерге шабыт бергенін атап өтті.
– WALS біздің педагогтеріміздің жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп қана қоймай, оларға даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Алған білім мен идеялар еліміздің оқу-ағарту саласының өркендеуіне елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Әнуар Қанатұлы.
Ал World Association of Lesson Studies президенті Кэтрин Льюис конференцияның жоғары деңгейде өткенін жеткізіп, NIS өкілдеріне алғыс хаттарды табыстады.
Сондай-ақ шара барысында 2025 жылғы WALS халықаралық конференциясының эстафетасын Жапония қабылдады.
Айта кетейік, Қазақстан жаһандық WALS эстафетасын 2023 жылдың қарашасында Нидерландыда қабылдады. World Association of Lesson Studies президенті Кэтрин Льюис пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова WALS 2024 халықаралық конференциясын Қазақстанда өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Конференциялар бұған дейін Сингапур, Ұлыбритания, Жапония, Қытай және т.б. елдерде ұйымдастырылды.
Педагогикалық шеберлік орталығы 2012 жылдан бері отандық білім беру саласына «Сабақты зерттеу» әлемдік трендін енгізуде.