Баспасөз-қызметі
Атыраудағы Зияткерлік мектеп мұғалімдері Дублинде бірегей жобаны таныстырды
Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімдері Рахымжан Қосанов пен Syed Abbas Asif Ирландияда Еуропалық химия ғылымдарының IX Халықаралық конгресінде «Сулы-сутектік электрохимиялық ұяшық» тақырыбында бірегей зерттеу жұмысын ұсынды.
Педагогтер энергияны қамтамасыз ететін жаңа электрохимиялық жасушаны зерттеген. Ең қызығы, химиялық энергия тотығу-тотықсыздану реакциялары арқылы электр энергиясына айналады.
Яғни электрохимиялық жасушадан 0,60 вольт энергия алынады. Ал шикізат ретінде натрий гидроксиді мен қышқыл ерітіндісі, сондай-ақ процесті жүзеге асыру үшін сутегі газы қажет.
Зерттеуге сәйкес, электрохимиялық ұяшық сутегі отын элементтері мен бензинді алмастыра алады. Соның нәтижесінде екі электродтан тұратын экологиялық таза, тиімді және үнемді электрохимиялық жасуша құруға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, Атырау қаласындағы Зияткерлік мектеп ұстаздары әлемдік деңгейдегі конгресте NIS жобасын алғашқылардың бірі болып ұсынды. Іс-шараға 32 елден 1600-ге жуық химик қатысты. Барлық авторлар өздерінің ғылыми жобаларын қазылар алқасы мен басқа қатысушылардың алдында 5 күн бойы қорғады.